ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан ауылдарында жалға берілетін тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы Олжас Бектенов шаруалармен Президенттің ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын талқылау кезінде айтылды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кездесу басында сөз алған Олжас Бектенов Үкімет аграрлық секторға белсенді түрде қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
"Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей,еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды.
Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 миллиард теңге табу оңай емес,алайда,біз мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып,біз бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар",- деп атап өтті Премьер-министр.
"Бәйтерек" ҰБХ басшылығының айтуынша,қазір Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Болашақта бұл тәжірибені бүкіл еліміз бойынша тарату жоспарланып отыр.
Премьер-министр агроөнеркәсіп кешенін экономиканың технологиялық және инновациялық секторына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатқа назар аударды. Ол үшін әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісі заманауи агротехнологияларды енгізуге,еңбек өнімділігін арттыруға,тиімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өнімдер түрін кеңейтуге ұмтылуы тиіс.
"Мемлекет аграрлық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететін болады,олар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймайды,сонымен қатар тұрақты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін ауылдық қоғамдастықтарды қалыптастыра отырып,ауылдағы тұрмыс сапасын арттыруға нақты үлес қосады.
Бірлескен жұмыстың нәтижесі қазақстандықтарды өз өндірісіміздің сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде көрінуі тиіс. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында бәсекеге қабілетті ел ретінде танылуы керек",- деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.