ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ашық сауда,тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы қағидаттарын берік ұстанады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте өткен халықпен кездесуде мәлімдеді,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сондай-ақ еліміз барлық серіктестерімен өзара сенімге,ашық диалогқа негізделген қарым-қатынас құрады.
"Сауда-саттық – дамудың көзі. Жекелеген елдермен қатар,тұтас аймақтардың өзі сауданың арқасында өркендеп,көркейе түсті. Қазақстан Шығыс пен Батысты,Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын сауда жолдарының тоғысында тұр. Бұл – біздің географиялық ерекшелігіміз ғана емес,тарихи тағдырымыз деуге болады. Демек біз еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек.
Сондықтан Қазақстан аса маңызды халықаралық көлік-логистика жобаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде қатыса бермек. Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын. Біз тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта береміз. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып,байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз. Қазақта "Көрші ақысы – Тәңір хақысы" деген сөз бар. Көрші мемлекеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз. Көршімізде өрт шықса,оның жалыны бізді де шарпиды.
Сондықтан іргелес елдердің бәрінде тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймыз. Әрине,мұның барлығы – уақытша қиындықтар. Ең бастысы,біздің бағдарымыз айқын,жолымыз ашық. Алға қойған мақсаттарымызды міндетті түрде іске асырамыз. Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті – қолға алған реформалар мен жобаларды тиянақты жүзеге асыру. Сонда ғана ұлттық экономикамыз да тұрақты даму жолына түспек",– деді Президент.