ПОДЕЛИТЬСЯ
Сенат Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Алматыда консулдық салу үшін АҚШ-қа жер телімін жалға беру туралы келісімді ратификациялады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
АҚШ Алматыдан жаңа бас консулдықтың ғимаратын салу үшін шамамен жеті гектар (70 593 шаршы метр) жер телімін 49 жыл мерзімге жалға алады. Бұл жалға алу үшін АҚШ 25,3 миллион долларды бір реттік төлем ретінде келісім күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде төлейді.
Келісім талаптарына сәйкес,АҚШ салықтар мен кедендік төлемдерден босатылады. Барлық құрылыс,қызмет көрсету,жөндеу және коммуналдық қызметтер шығындарын өздері өтейді.
Консулдықтан бөлек,бұл аумақта АҚШ Сауда министрлігінің,Есірткімен күрес агенттігінің және Коммерциялық қызметтің өкілдіктері де ашылады деп жоспарланған
Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша,жаңа консулдық Орталық Азиядағы ең ірі виза орталығы болады. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін арттырып,инвестициялар тартуға,жұмыс орындарын ашуға,сондай-ақ бизнес пен қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етеді.
Келісім ресми түрде бекітілгеннен кейін,бұл халықаралық әріптестердің сенімін нығайтып,АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жақсартуы тиіс.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша,қазіргі кезде Алматыда орналасқан АҚШ консулдығының қызметкерлері жаңа ғимарат салынғаннан кейін сол жерге көшеді.
"Қазір Алматыда екі ғимаратты жеке жалға алып отыр. Жаңа бас консулдық салынған соң,барлық қызметкер сол жерге көшеді. Штаттың кеңеюі туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ бұл толыққанды инфрақұрылымы бар ғимарат болатындықтан,белгілі бір деңгейде кеңейту болуы мүмкін. Бұл мәселені АҚШ тарапымен нақтылау керек",– деді ол Сенаттың кулуарында.
Президент келісімді ратификациялап қол қойғаннан кейін,әкімдік пен бас консулдық қосымша келісім жасасады. Осыдан кейін жаңа ғимараттың құрылысы басталады. Рахметуллиннің айтуынша,бұл жобаны америкалық құрылыс компаниясы жүзеге асырады.