ПОДЕЛИТЬСЯ
Атам Тәжібаев Сәдуақас Қызыл Армия қатарына 1939 жылдың қарашасында Ворошилов шақыртуы бойынша шақырылған. Оқудан өткеннен кейін оны басқа жауынгерлермен бірге фин соғысына алып кетіп бара жатқанда,жолда эшелон бағытын өзгертеді. Себебі фин соғысы аяқталған екен. Атам әскери қызметін әйгілі 25-ші "Чапаев" атқыштар дивизиясында өтеді. Германия шабуыл жасаған кезде атам сержант шенінде,пулемет взводының командирі болып қызмет атқарып жүрген. Қызыл Армияның саптық жарғысы бойынша взвод құрамында екі "Максим" пулеметі және олардың есептоптары болған.
Жаз бойы атамның взводы алдымен Прут үшін,кейін Днестр үшін қорғаныс шайқастарына қатысқан. 1941 жылдың тамызынан бастап 25-ші атқыштар дивизиясы Одессаны қорғай бастайды. Одесса қорғанысы қазанның ортасына дейін жалғасып,кейін қала беріліп,әскерлер Севастопольге эвакуацияланды. Осылайша атам пулеметтерімен бірге Севастополь қорғанысына қатысады. Бірақ алғашқы шабуыл кезінде атамның жанында жарылған снарядтың жарықшағы ауыр жарақат салады. Ол Бакудегі әскери госпитальде үш ай емделген. Кейін командирлік курстардан өтіп,лейтенант шенінде Брянск майданында соғысқа қайта араласады.
Жлобин қаласын азат еткені үшін марапат қағазын алып,аға лейтенант шеніне көтеріледі. Соғысты атам 508-ші Жеке пулемет-артиллериялық батальонда пулемет взводының командирі ретінде аяқтаған.