ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы облысында Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты сот басталды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы редакцияның ресми сауалына Алматы облысының прокуратурасы жауап берді.
"Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті Іле ауданының экс-әкімі Қарасаев Б.Ә. және өзге де тұлғаларға қатысты соталды тергеп-тексеруді аяқтады. 2025 жылғы 31 наурызда Қарасаев Б.Ә. және тағы үш айыпталушы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 305-бабына сәйкес Алматы облысы Іле аудандық сотына қылмыстық істі мәні бойынша қарауға берілді",– делінген прокуратура хабарламасында.
Бағдат Қарасаевты былтыр күзде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған болатын. Прокуратура мәліметінше,ол кезде әкім қызметін атқарған Қарасаевтың Іле ауданындағы қоқыс полигонының қызметіне жүргізілген бірлескен тексерудің нәтижесінде ұсталғаны айтылған. Антикор дерегінше,ол "қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигонын сенімді басқару құқығын өзімен аффилирленген компанияға беру арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды" деп күдікке ілінген.
Сондай-ақ,ол өз өкілетін асыра пайдаланды деп күдікке ілінді.
"Қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшыларын тартқан. Келісімшарт бойынша көзделген қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату міндеттемелері орындалмаған,ал компанияның кірісі оның жеке баюына бағытталған",– делінген Антикор хабарламасында.
Сотта Қарасаев пен өзге де айыпталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің келесі 7 бабы бойынша іс қаралып жатыр:
189-бап – "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету"
190-бап – "Алаяқтық"
324-бап – "Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу"
361-бап – "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану"
362-бап – "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану"
364-бап – "Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу"
369-бап – "Қызметтік жалғандық жасау"
Прокуратура мәліметінше,Бағдат Қарасаев қамауда отыр және ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемесінде отыр.
Бағдат Қарасаев 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы облысы Іле ауданының әкімі қызметін атқарған.
Әр жылдары ол кәсіптік-техникалық училищеде директордың орынбасары,директоры,"Алаколь-Агро" ЖШС,"ТSС-Агро" ЖШС,"Тау-Самал Ltd" компаниясы және "Қайынды" ЖШС директоры болған,сондай-ақ Алакөл ауданы әкімінің орынбасары,Алакөл ауданының әкімі,Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.
2015 жылдан 2018 жылдың мамырына дейін Талдықорған қаласының әкімі болған,кейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалған.