ПОДЕЛИТЬСЯ
Фашистер мінген ұшақты бір оқпен атып түсіру! Мұндайды 17 жастағы Зина Ефанова ойлап та көрмеген. Бірақ майданға қатты барғысы келген. Ол кезде бәрі майданға кетіп жатты. Қостанайдан ата-анасымен бірге бірнеше жыл бұрын Воронежге көшіп келген мектеп оқушысы осы арман үшін тіпті құжатты қолдан жасапты. Бір жасқа есейіп,туған күн ретінде ағасының туған күнін көрсеткен. Контузия алып,жарақаттанатынын ол кезде ойламаған да. Тек ату ғана ойында болды. Бұрын,бейбіт өмірде әр демалыс сайын барып жүрген тир секілді.
"Қазан вокзалынан бізді Бологоеге алып келіп,сол жерде бөліп жатты. Біреуін медицинаға,біреуін байланысқа,ал мен тек пулемет батальонына ғана барғым келді. Мектепте өте өжет едім. Тирде үнемі жаттығатынмын,ататынмын. Сондықтан пулбаттан басқа ешқайда барғым келмеді. Бәрі таңғалды. Мен ең кішкентай едім,сол себепті мені штабта мәдени жұмыстарға қалдырғысы келді",- дейді Зинаида Григорьевна.
Бірақ оны штабқа қалдырмады. Өжет қыздар да кейде жылайды. Сол әсер етті. Штаб бастығы барлық қаруды үйренуді бұйырды. Зина бұл тапсырманы жақсы орындады,60 келілік "Максимкамен" - өзі осылай еркелете атайтын пулеметпен - тез арада атып үйреніп алды. Сондықтан емтиханды да үздікке тапсырды.
1942 жылдың ақпанында Зина Ефанова Подмосковьеде орналасқан 19-гвардиялық дивизияның жеке атқыштар құрамындағы 150-бөлімшеге бөлінді. Сол кезде ғана ол түсінді: бұл тир емес,мұнда тірі адамдарға атады.
"Бізді алдыңғы шепке апарды,ал менде көп ойлар болды: қалай тірі адамға ата салуға болады. Ауаға атып қояды да,тоқтайды ғой деп ойладым. Бірақ бәрін көзіммен көрдім. Өте ауыр болды",- дейді ардагер дірілдеген дауыспен еске алып.
Қиын сәттерде әңгіме-дүкен көмектесті - Подмосковьеде,Қазақстаннан алыс жерде,оның жерлесі - ақын Жамбылдың ұлы Алғадай да жүрген екен. Жастар достасып,бір-бірінің туыстарына міндетті түрде сәлем айтуды уәде етеді. Көп ұзамай қыз жарақат алады. Контузиямен госпитальге түсіп,кейін демалысқа жіберіледі.
Госпитальден кейін қыз Алғадай Жамбыловтың хатын әкесіне табыстау үшін Ұзынағашқа баруға шешім қабылдайды.
"Мен Алматыға келдім,мені қарсы алып,Жамбылға Сталин сыйлаған сол "Москвичпен" Ұзынағашқа апарды. Керемет қарсы алды. Бешбармақ пісірді. Қарт Жамбыл домбырамен ойнап,өлең оқыды. Маған аударып отырды. Әкесі ұлынан жеткен әрбір хабарға қуанды",- деп еске алады Ефанова.
1943 жылы госпитальден кейін пулеметші қыз майданға қайта оралды,тылда қалуға мүмкіндігі болса да. Ол батальонына аға сержант шенінде қосылды. Сол кезде,20 жасында,ол өзінің ерлігін жасады.
Аға сержант сол баяғы өжет қыз күйінде қалды.
"Мен есептің командирі болдым,маған училищеден жас сарбаздар келді. Окоптан шықпай,кезекшілік етуге бұйрық берілді. Ұшақтың ұшып келе жатқанын естіп тұрмын. Мен дыбыстан ұшақтың кімге тиесілі екенін анықтай алатынмын. "Сарбаздардікі. Бұл - біздікі емес",- дедім. Олар сенбеді. Содан мен өзім окоптан басымды шығардым. Көрсем,неміс ұшағы ұшып келе жатыр. Төмен ұшып келе жатыр екен. Нысанаға алып,тура ұшқан бағытынан көздеп,бір оқпен бензин құятын багын атып түсірдім",- дейді ардагер.
Атып түсірген ұшағы үшін Зинаида ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған,ал окоптан шыққаны үшін - аға сержант шенінен кіші сержантқа дейін төмендетілді. Майданда Зинаида тағы бір жарақат алды. Бұл жолы - аяғына. Жарақат ауыр болды - тізесі быт-шыт болған,дәрігерлер аяғын кесіп тастағысы келген.
Бақытсыздықтың пайдасы болды: госпитальде жараланған бір жауынгер қайтыс болған екен. Дәрігерлер Зинаидаға сол жігіттің тізе сүйегін салып,аяғын сақтап қалды. Жеңіс пен соғыстың аяқталуын ол госпитальдегі төсекте қарсы алды.
Кейін тұрмысқа шығып,күйеуімен бірге Кишиневке көшіп,екі ұл туады. 1952 жылы Зинаиданың күйеуі қайтыс болып,әйел балаларымен бірге өз күштерімен шағын лашық салып алады - біраз уақыт сол жерде тұруларына тура келеді.
Жарты жылдан кейін ол пәтер алды. Өзінің өжет мінезінің арқасында Зинаида Григорьевна Леонид Брежневпен кездесуге қолжеткізіп,ол пәтер мәселесін шешуді тапсырды.
"Қартайғанда неге екенін білмеймін,бәрі есіме түсе бастады. Ойлар маза бермейді,соғысты еске түсірмес үшін ұйықтағым келмейді",- дейді бір кездері майданға аттануға асыққан,бүгінде кеудесі орден-медальге толы кейуана.