ПОДЕЛИТЬСЯ
Менің анам – Таисия Семеновна,ал соғыс жылдары – байланысшы,кіші сержант Литвинова болған. Оны майданға 1942 жылы Алматыдан 19 жастағы қыз кезінде шақырған. Сол кезде сарбаздарды даярлайтын орталық бас пошта болған. Анамның айтуынша,оқу-жаттығуларда олар жер бауырлап жүруді,атуды,қаруды жинап,қайта бөлшектеуді үйренген.
Нағыз соғысты Таисия Литвинова 1943 жылы Ленинград түбінде көрді. Ол кезде ол жақта қиян-кескі шайқастар жүріп жатқан. Бір жерден екінші жерге жиі көшуге тура келген. Оның бастығы аға лейтенант Васильев болған. Таисия Семеновна ол кісінің бейнесі Васков сияқты,"А зори здесь тихие" повесіндегі кейіпкерден аумайтын еді дейді. Аға лейтенант бойжеткендерді ленинградтық аяздан ер-азаматша қорғаған – денатуратпен.
"Сыртқа шығып,тоңдыңдар ма деп сұрайды,ал біз ішік,малақай,пима киіп тұрсақ та,тоңдық дейміз. Ол фляжка мен стақан шығарып,әрқайсына 30 грамм шамасында құйып береді де: "Ішіңдер,әйтпесе үсіп қаласыңдар" дейді. Ішіп көрсек – денатурат екен. Бірақ ештеңе етпеді,аздап жылындық",– деп еске алады анам. Денатурат – бұл техникалық спирт.
Байланысшының жұмысы әрі қиын,әрі қауіпті. Батыр қыздар жауынгерлермен бірге ұрысқа кірген,бірақ олардың міндеті – қарсыласты өлтіру емес,біздің сарбаздарға үміт сыйлау болған. Таисия Семеновна жауынгерлерге үйден келген сәлем-сауқатты,хат-хабарды жеткізіп тұрған. Ондай "почтальондар" үшін көше де,үй де болмаған. Адрес – тек окоп пен траншея. Қиын сәтте сарбаздар үшін сол үшбұрыш хаттар мен сәлемдемелер – аман қалудың,күш-жігердің қайнар көзі еді.
Анамның есінде өмір бойы сақталған бір оқиға бар. Ол оны көзіне жас келіп еске алады. Бір жауынгерге жаман хабар келген хатты жеткізген. Ашуға булыққан сол сарбаз сол сәтте барлық өкпесін жас байланысшыға төккен.
"Мен оған неге маған айқайлайсың,менің кінәм не деп едім,ол: "Сен бұл хатта не жазылғанын білесің бе?! Фашистер үйімді өртеп,әйелім мен балаларымды лагерге айдап әкеткен! Мен қалай жыламайын?!" – деді. Оны жиі еске аламын. Бұрын жеке үйде тұратынбыз,бақшаға шыққанда Марк Бернестің "Враги сожгли родную хату" әні ойыма оралатын",– дейді анам.
Жеңіс күнін анам Мәскеуде қарсы алған. Бұл – ең бақытты әрі ең көп күткен күн еді дейді. Барлық Мәскеу ән салып,би билеп тұрған.
Анам өзінің марапаттарының сақталып қалғанын үлкен бақыт санайды. Соғыстан кейін медальдар балалардың ойыншығына айналып кеткен кездер де болған. Біз оларды тағып көріп,өзімізді ата-аналарымыз сияқты батыр сезінгенбіз. Ал бүгін марапат тағылған жилет – бүкіл отбасы үшін ең қымбат киім.
Жыл сайын Жеңіс күнін анам майдандас достарымен қарсы алатын. Бірақ жыл өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Бұл Жеңіс күнінде де ол бірге соғысқан достарын міндетті түрде еске алады. Байланысшы Таисия Литвинова әлі күнге дейін байланыста.