ПОДЕЛИТЬСЯ
Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі Сара Назарбаеваға қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Науқастың өлімі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Науқас Ұлттық госпитальде емделіп жатыр",- деп жазылған Ұлттық госпитальдің Tengrinews.kz-ке берген жауабында.
Мекеме "Денсаулық сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 273-бабына сәйкес диагнозға,денсаулыққа қатысты мәліметтер дәрігерлік құпия екенін мәлімдеді.
Айта кетейік,кеше Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тарады.
Сара Назарбаева 1941 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Өз тегі - Қонақаева.
1962 жылы Сара Назарбаева Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Араға бір жыл салып Дариға есімді қызды дүниеге әкелді. Көп ұзамай Динара мен Әлия Назарбаева дүниеге келді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Алпысқызы қоғамдық жұмыстарда белсенді болды. 1992 жылы "Бөбек" қорын ашты. Кейін "SOS Киндердорф" балалар ауылын ашқан.
"SOS Киндердорф" халықаралық қорының алтын медалімен,ЮНИСЕФ арнайы сыйлығымен,Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен және Қазақстанның бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Сондай-ақ,бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы халықаралық жүлдесі және "Құрманжан Датқа" мен Unity халықаралық жүлдесіне ие болған.
Еске салайық,бұған дейін де Сара Назарбаева қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!