Алматыдағы Астана алаңында көлік қозғалысы бірнеше күнге жабылады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әкімдік мәліметінше,қала күнін мерекелеу аясында 14 қыркүйек сағат 16:00-де "Астана" алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтеді. Сахнада Мирас Жүгінісов,Айқын Төлепберген,Jazzdauren,Adam және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері,продюсер DJ Imanbek.
Сондай-ақ,"Астана" алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Концерт 17:00-де басталады,оған Нағима Есқалиева,Мейрамбек Беспаев,Kalifarniya,RaiM,Нұрлан мен Мұрат,ARO,Ерболат Құдайберген,Қайрат Түнтеков,Еркін Нұржанов,Айдар Тұрғанбай және т.б. артистер қатысады.
"12-16 қыркүйек аралығында Төле би көшесінің бойы Панфилов көшесінен бастап Абылай хан даңғылына дейін жабылады. Бұл аралықта Астана алаңында Қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Түсіністік танытып,жол жүру бағытын алдын ала ойластыруларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ,жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз",- делінген хабарламада.