ПОДЕЛИТЬСЯ
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда биылғы бірінші тоқсандағы жалақы туралы мәліметтерді жариялады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2025 жылғы I тоқсанда бағалау бойынша,жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 300 307 теңге болған. Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы атаулы жалақының орташа мәні 2025 жылғы I тоқсанда 423 133 теңге болды,бұл былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 10,7 пайызға артық.
"2024 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғар өсімі ақпарат және байланыс – 31,3 пайыз,ауыл,орман және балық шаруашылығы – 17,өнер,ойын-сауық және демалыс салаларында – 16,1 пайыз байқалды. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 6,2 пайыз,білім беруде орташа айлық жалақы көлемі 6,1 пайыз өсті",- делінген хабарламада.
Өңірлік бөліністе 2024 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2025 жылдың I тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Ұлытау облысында –19,4 пайыз,Қостанай облысында – 14,6 пайыз,Алматы қаласында – 14,2 пайыз және Павлодар облысында 13,5 пайыз тіркелген.