ПОДЕЛИТЬСЯ
Астанада "Жұлдызай" және "Аяулым" қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.
Тергеп-тексеру ісін Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана бойынша департаменті жүргізген.
"Тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкерлер ретінде таныстырып,азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды. Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 миллион теңгеден басталып,40 күн ішінде ұсынылған табыс 90 пайыздан асатыны айтылды.
Сонымен қатар,салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10 пайыз қосымша пайда алған",- делінген хабарламада.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып,жалпы шығын 490 миллион теңгеден асқан. Сонымен қатар,күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елорданың премиум санатындағы құны 69,5 миллион теңге тұратын пәтер сатып алып,қайын енесіне ресімдеген.
"Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң,мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген. Дегенмен,тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп,сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды. Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 миллион теңге көлемінде шығынды өтеді",- делінген хабарламада.
Сот үкімі бойынша,қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы ("Қаржы пирамидасын құру және басқару"),ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру") бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп,жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілген.