ПОДЕЛИТЬСЯ
Полиция көші-қон заңнамасын бұзған 700-ге жуық шетелдік такси жүргізушісін анықтады,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидасын қамтамасыз ету мақсатында,көші-қон бақылауын нығайту және ел аумағында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтау үшін "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген.
"Көші-қон қызметінің мәліметі бойынша,іс-шара барысында 5 күн ішінде 46 мың көлік тексерілді,1 080 шетелдік азамат жеке тасымалдаумен айналысқаны анықталды. Олардың 691-і мобильді қосымшалар арқылы көші-қон заңнамасын бұзып,жеке тасымалмен айналысқан. 234 шетелдік азамат заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін,457 шетелдік азамат ҚР-да болу мерзімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды",- делінген хабарламада.
Сот шешімі бойынша,175 шетелдік такси жүргізушісі ел аумағынан шығарылды. Олардың 103-і жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орындарына орналастырылған. Сонымен қатар,38 қазақстандық шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.