ПОДЕЛИТЬСЯ
2025 жылы 14 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен "Болашақ сәулетшілері" қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.
Марат Әбиев ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-тармағы (ұйымдасқан топты құру және басқару,сондай-ақ оған қатысу),197-бабы 4-тармағының 1-тармақшасы (мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу,сату,сақтау және тасымалдау,сондай-ақ олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз өңдеу),234-бабының 3-тармағының 2-тармақшасы (экономикалық контрабанда) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды,сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазым атқаруға тыйым салынып,қоғамдық бірлестіктерді құруға және басшылыққа алуға байланысты қызметпен 5 жыл мерзімге айналысу құқығынан айырумен тағайындалды.
Оның сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімі бойынша,айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп,олардың контрабандалық жолмен алынған 6 миллиард теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленді.
Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары — Антон Новицкий,Жанібек Дарибаев,Евгений Гребнев,Аманай Махметов — қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.
"2018-2022 жылдар аралығында аталған тұлғалар ұйымдасқан топ құрып,Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған "К-2" экологиялық класты дизель отынын өндірген. Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 миллиард теңгеге сатылды,соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылды",- делінген хабарламада.
Атап өтсек,мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс арқылы "Genesis" (немесе "Болашақ сәулетшілері") атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметі қаржыландырылған,оны құрып басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Марат Әбиев 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.